Бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған: Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өтті

Астанада аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өтті

Бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған: Астанада алғаш рет аэротакси сынақтан өтті
Фото: Азаматтық авиация комитеті

Астанада болашақ көлігінің алғашқы көрсетілімі өтті. Елорда аспанында электрлі тік ұшып-қонатын аэротакси (eVTOL) сынақтан өткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, демонстрациялық ұшуды қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. (AAAG) компаниясы қытайлық AutoFlight компаниясымен бірлесіп ұйымдастырды. Ұшу үшін бір ұшқыш пен бес жолаушыға арналған AutoFlight Prosperity әуе кемесі пайдаланылды. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес сынақ ұшуы жолаушыларсыз орындалды.

«Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қалалық әуе мобильділігін енгізудің құқықтық және инфрақұрылымдық негізін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемелерін (eVTOL), вертипорттарды және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйелерін реттеуге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданып, жаңа технологияларды елдің көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге қажетті жағдайлар жасалып жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Демонстрациялық ұшудан кейін AutoFlight Prosperity әуе кемесі 2026 жылғы 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Future Games 2026» халықаралық фиджитал турнирінде көпшілік назарына ұсынылады.

Мақалада
#ұшақ #такси