«Ақ жол» демократиялық партиясы сайлауалды үгіт-насихат науқанына ресми түрде старт берді
Шараның негізгі оқиғасы — еліміздің барлық 20 өңірлік филиалымен тікелей байланысқа шыққан телекөпір болды
Бүгін «Ақ жол» демократиялық партиясы өзінің сайлауалды үгіт-насихат науқанын ресми түрде бастады. Салтанатты іс-шара Алматы облысындағы «Tau-Asu» демалыс базасында өтіп, оған партия төрағасы Дания Еспаева, депутаттыққа кандидаттар, жастар қанатының өкілдері, белсенділер мен жақтастар қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шараның негізгі оқиғасы — еліміздің барлық 20 өңірлік филиалымен тікелей байланысқа шыққан телекөпір болды. Партия төрағасы Дания Еспаева арнайы батырманы басып, бүкіл ел бойынша үгіт-насихат науқанының символикалық басталуына белгі берді.
Игі бастамада сөз сөйлеген Дания Мәдиқызы науқанның дәл осы Жастар форумы аясында басталуы «Ақ жолдың» ел болашағына баса мән беретіндігінің айқын дәлелі екенін атап өтті.
«Бұл сайлау — халықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның нәтижесінде жүзеге асып отырған аса маңызды саяси оқиға. 25 жылдық тарихы бар "Ақ жол" партиясы Құрылтай сайлауына нақты өзгерістерді жүзеге асыру үшін қатысады», — деді Дания Еспаева.
Іс-шара аясында партияның жастар қанатының жетекшілері мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар да сөз сөйлеп, өз сайлауалды бағыттарымен бөлісті.
Ресми бөлім аяқталғаннан кейін партия кандидаттары мен белсенділері Алматы қаласына барып, шаһар орталығында (Бөгенбай батыр мен Панфилов көшелерінің қиылысында) алғашқы үгіт-насихат акциясын өткізді.