Астанада ер адам аялдамада бойжеткенге шабуыл жасады
Полиция аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді
Астанада автобуста жанжал шығарған ер адам аялдамада бойжеткенге шабуыл жасады. Бұл туралы елорда тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Автобуста болған сөзге келіспеушіліктен кейін бұл ер адам менімен бірге аялдамадан түсіп, агрессивті әрекетін жалғастырды. Маған қол көтермек болып, телефонымды бар күшімен қағып, ұшырып кетті. Өмірім үшін қорыққандықтан оны видеоға түсірмек болдым. Егер оны танитындар болса, маған жазыңыздар», – деп жазды бойжеткен.
Полиция аталған дерек бойынша тексеру басталғанын мәлімдеді.
«Осы факті бойынша Нұра аудандық полиция басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған шараларды жүргізіп жатыр. Жан-жақты тексеру нәтижесінде құқықтық баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылданады», – делінген Астана қалалық полиция департаментінің хабарламасында.