Дина Нұрпейісованың бейнесі көптің аяғының астында қалды: Атырауда өткен іс-шара дау тудырды (ВИДЕО)

Салтанатты шарадан кейін жерге салынған күйші сұлбасын коммуналдық қызмет мамандары  бірнеше мәрте жуып-тазалағанымен, нәтиже шықпаған

Дина Нұрпейісованың бейнесі көптің аяғының астында қалды: Атырауда өткен іс-шара дау тудырды (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Ұлттық домбыра күніне орай Атыраудағы «Сұлтан Бейбарыс» алаңында өткен салтанатты мереке елдің ықыласына бөленгенімен, одан қалған із, яғни қазақ күйінің анасы – Дина Нұрпейісованың бейнесі көптің аяғының астында қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мереке барысында жүздеген домбырашы мен би ұжымдары бір мезетте бір жерден орын алып, қазақтың дара күйшісі Дина Нұрпейісованың келбетін бейнелеген әсерлі композиция ұсынған болатын. Қатысушылардың дәл орналасуы үшін алаңның тас төсеміне арнайы бағыттау сызықтары сызылған еді.

Алайда мереке аяқталғанына біраз уақыт өтсе де, сол белгілер әлі де толық өшпеген. Тұрғындардың сөзінше, коммуналдық қызмет мамандары оларды бірнеше мәрте жуып-тазалауға әрекет жасағанымен, нәтиже шықпаған. Соның салдарынан алаң бетінде Дина Нұрпейісованың сұлбасы әлі де айқын аңғарылып тұр.

Бұл көрініс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Бірі оны ұлттық мерекенің ерекше белгісі деп бағаласа, енді бірі қоғамдық орын мерекеден кейін бастапқы қалпына келтірілуі керек деген пікір айтып отыр. Ал әзірге Атыраудың қақ ортасындағы алаңда, көптің аяғының астында қазақ күй өнерінің алып тұлғасы Дина Нұрпейісованың бейнесі көзге анық шалынады.