Жамбыл облысында туысының кішкентай қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды

Ол үйде қыз баланың ата-анасы жоқ сәтті пайдаланып, арам ойын іске асырған

Жамбыл облысында туысының кішкентай қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында екінші сыныпта оқитын қыз баланы зорлаған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірдегі ауылдардың бірінде күндізгі сағат 13:30 шамасында ата-анасы үйде жоқ кезде туыстарының бірі Wi-Fi желісінің құпиясөзін сұрау сылтауымен үйге келген.

Желідегі мәліметке сүйенсек, дәл сол сәтте үйде қартайған, көзі көрмейтін атасы, екінші сыныпта оқитын қыз бала және бесікте ұйықтап жатқан сәби болған.

Кейін қыз анасына ер адамның өзін тізесіне отырғызып, «Бері кел, бетіңнен сүйейін» дегенін айтып берген. Үйде ересектердің жоқтығын және атасының көзі көрмейтінін пайдаланған күдікті қыз баланы зорлаған.

Оқиға туралы бүлдіршін сол күні кешке ауырсынғанын айтып, анасына шағымданған. Анасы бірден полиция шақырған. Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы қылмыс жасалған диваннан мата мен микроталшықтардың үлгілерін алған.

Тергеу барысында жиналған дәлелдер мен сараптама қорытындылары ер адамның кінәсін толық дәлелдеді.

Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны кінәлі деп танып, төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.