Қазақстанда темекі шегетіндер өкпе обыры скринингінен тегін өтетін болды
В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға бағытталған тексерулердің ауқымы кеңейтілді
Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібін жаңартты. Енді профилактикалық тексерулер бағдарламасына алғаш рет өкпе обырына арналған скрининг енгізіліп, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға бағытталған тексерулердің ауқымы кеңейтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тиісті өзгерістер «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрыққа енгізілді.
Жаңа қағидаларға сәйкес, өкпе обырына скринингтен 50-70 жас аралығындағы (тиісті жасқа толатын жылы) ерлер мен әйелдер өте алады. Ол үшін мына талаптарға сай болуы қажет:
- бронхтар немесе өкпенің қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрмауы;
- темекі шегетін және шылым шегу өтілі 20 қорап-жылдан (pack-year) кем болмауы;
- немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспауы;
- соңғы 10 жыл ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен зиянды еңбек жағдайларындағы мамандықтар бойынша жұмыс істеуі.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау бағдарламасын да кеңейтті.
Енді 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер төмендегі талаптарға сәйкес келген жағдайда тексеруден өте алады:
- В және С созылмалы вирустық гепатиттері бойынша диспансерлік есепте тұрмауы;
- жүктілік бойынша есепте тұрмауы.
Өзгерістер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық эталондық бақылау банкінде жарияланды.