Алматы облысында мопед жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен (ВИДЕО)

Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші мен мопедтің жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді

Алматы облысында мопед жүргізушісі жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан қашып кеткен (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Алматы облысының Боралдай кентінде мопед жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан қарт әйелді жоғары жылдамдықпен қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кадрлардан әйелдің жолдан өтіп бара жатқан сәтінде мопедтің соққаны көрінеді. Соққының салдарынан жаяу жүргінші бірнеше метрге ұшып түсіп, жерге құлаған. Оқиғадан кейін жүргізуші заттарын жинап алып, жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалған.

«Полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы болған жерден бой тасалаған мопед жүргізушісін анықтап, жауапкершілікке тартты. Ол жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан жаяу жүргінші мен мопедтің жолаушысы түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияның мәліметінше, жүргізушінің жеке басы жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде анықталған. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзғаны және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.