Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумындағы шабуылға қатысты пікір білдірді
20 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалында NELSA танкеріне дрон шабуыл жасалды
Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді. 20 шілдеге қараған түні мұнай тиеу кезінде NELSA танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше, 20 шілдеге қараған түні КҚК теңіз терминалында мұнай тиеу жұмысы жүргізіліп жатқан NELSA танкеріне дрон шабуыл жасаған.
«Оқиға салдарынан өрт шыққанымен, ол жедел түрде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, мұнайдың төгілуіне жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта кеменің техникалық жағдайы мен оқиғаның салдарына бағалау жүргізіліп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік сондай-ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумымен тұрақты байланыста екенін және жағдайдың даму барысын жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін 20 шілдеде КҚК теңіз терминалы мұнай тиеу кезінде қайтадан шабуылға ұшырап, соның салдарынан NELSA танкерінде өрт шыққаны хабарланған еді.