Атырауда ер адамнан ірі көлемде синтетикалық есірткі табылды (ВИДЕО)
Оның Альфа-pvp синтетикалық есірткі заты екені белгілі болды
Атырау облысында есірткі таратумен айналысты деген күдікпен 41 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тінту барысында күдіктінің автокөлігінен 125 грамм есірткі табылды. Сондай-ақ оқиға орнында жасырған жерінен 81 грамм есірткі тәркіленді. Жалпы салмағы 206 грамм болатын Альфа-pvp синтетикалық есірткі заты екені анықталды.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, іс сотқа жолданды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Полиция есірткіге қатысты кез келген заңсыз әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.