Таяу Шығыстағы шиеленістен мұнай бағасы қайта қымбаттады
Вашингтон тоғызыншы түн қатарынан Иран аумағына соққы жасап жатқанын мәлімдеді
Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында әлемдік мұнай бағасы қайтадан қымбаттады. 20 шілдедегі сауда барысында Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 90 доллардан асып, соңғы бір айдан астам уақыттағы ең жоғары деңгейге жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана уақытымен өткен таңғы саудада Brent бағасы 2,37%-ға өсіп, барреліне 90,19 доллар болды. Сауда барысында оның құны 90,97 долларға дейін көтерілді. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың бағасы 2,07%-ға қымбаттап, барреліне 84,20 долларды құрады.
Өткен аптада Brent 15,9%-ға, ал WTI 15,5%-ға өсті. Бұл екі эталондық мұнай маркасы үшін соңғы бірнеше айдағы ең жоғары апталық өсімдердің бірі саналады.
Сарапшылар мұнай бағасының қымбаттауын АҚШ пен Иран арасындағы шиеленістің күшеюімен байланыстырады. Вашингтон тоғызыншы түн қатарынан Иран аумағына соққы жасап жатқанын мәлімдеді. Сонымен қатар Кувейт пен Бахрейн Иран тарапынан жаңа шабуылдар жасалғанын хабарлады.
Инвесторлар әлемдік мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі саналатын Ормуз бұғазындағы жағдайды да жіті бақылап отыр. Мәліметтерге сәйкес, жексенбі күні бұғаз арқылы небәрі төрт кеме өткен. Ал бір күн бұрын олардың саны сегіз болған. Бұл мұнай тасымалының баяулағанын көрсетуі мүмкін.
Иран билігі екі мұнай танкері зақымданып, сапарын жалғастыра алмай қалғанын мәлімдеді. Алайда Reuters агенттігі бұл ақпаратты тәуелсіз түрде растай алмағанын хабарлады.