Шымкентте 40-тан асқан зіңгіттей еркек ішіп алып, анасының үйін қиратып кеткен (ВИДЕО)
Шымкент тұрғыны төрт жыл бойы туған ұлынан зорлық-зомбылық көріп келеді
Шымкентте тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің саны азаймай отыр. Жыл басынан бері полицияға отбасылық жанжалдарға қатысты төрт мыңнан астам хабарлама түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көп. Құқық қорғау органдары профилактикалық жұмысты күшейткенімен, мәселе әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, Шымкент тұрғыны төрт жыл бойы туған ұлынан зорлық-зомбылық көріп келеді. Әйел адамның айтуынша, 40 жастағы ұлы ішімдікті шамадан тыс тұтынған, ал кезекті жағдайдан кейін үйінде жанжал шығарып, заттарды сындырып тастаған.
Ұзақ уақыт бойы әйел көмекке жүгінбеген. Алайда жағдай тым ушығып кеткен соң полицияға арыз жазуға мәжбүр болған.
«Бұрын ол ешкімнің сөзін тыңдамайтын. Өте көп ішетін. Үйге мас болып келіп, бәрін қиратып кететін. Не көрінсе соны сындырды, соның кесірінен апталап дұрыс ұйықтай алмайтынбыз. Алғашында арақ алу үшін үйдегі заттарды да сатып жіберетін. Кейін біртіндеп түзеле бастады. Қазір мұның бәрін қойды. Өзі қиратқан қоршауларды кейін өзі қайта жөндеп шықты. Қазір жағдай әлдеқайда жақсы», – дейді ол.
Полицияның мәліметінше, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны отбасының кез келген мүшесі болуы мүмкін. Көбіне көмекке әйелдер жүгінеді. Сонымен қатар соңғы уақытта өз ата-анасына күш көрсететін балалардың саны да артып келеді. Бұған қоса, әйелдердің жұбайларына қатысты зорлық-зомбылық көрсететін жағдайлары да тіркелуде.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы Әсел Әбжаппарованың айтуынша, мұндай жағдайларда ең алдымен жәбірленушіге алғашқы көмек көрсетіледі.
«Біз түсіндіру жүргізіп, әкімшілік материалдар рәсімдейміз. Келтірілген дене жарақаттарының сипатына қарай кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады. Мұндай профилактикалық жұмыс күн сайын жүргізіледі. Басты мақсатымыз – отбасында қылмыстың алдын алу», – деді ол.