Ақтаудағы демалыс орындарының бірінде орналасқан мейрамханадан өрт шықты (ВИДЕО)
Тілсіз жау шамамен 80 шаршы метр аумақты шарпыған
Ақтау қаласындағы танымал демалыс орындарының бірінде ірі өрт оқиғасы тіркелді. Тілсіз жау шамамен 80 шаршы метр аумақты шарпыған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқыс оқиға бүгін, 19 шілдеде болған.
Төтенше жағдайлар қызметінің ресми мәліметінше, жалын «Алтын Күн демалыс базасының маңында орналасқан «Shahristan» қонақүй кешенінің аумағында тұтанған. Төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендер жоқ.
Өрт туралы дабыл түскен бойда оқиға орнына ТЖД өрт сөндірушілерімен қатар полиция қызметкерлері де шұғыл жеткен.
«Экстремалды қызметтер келгенге дейін тәртіп сақшылары қауіпті аймақты дереу қоршауға алып, өрт сөндіру машиналарының кедергісіз өтуіне жағдай жасады. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны қабылдады. Полицейлердің үйлесімді әрекетінің арқасында қауіпті аймақта халықтың шоғырлануына жол берілмей, құтқарушылардың жұмысы жеделдетілді», — деп хабарлады мекеме өкілдері.
Қазіргі уақытта өрт толықтай ауыздықталды. Мамандар тілсіз жаудың шығу себептері мен келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.