Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды
Синоптиктер аталған өңір тұрғындарына сыртқа шығуды азайтып, сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынады
Бүгін, 19 шілдеде Қазақстанның бес бірдей қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар қалыптасады. Синоптиктер аталған өңір тұрғындарына сыртқа шығуды азайтып, сапарларын алдын ала жоспарлауды ұсынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК мамандарының болжамынша, 19 шілдеде атмосфералық ауаның ластануы Алматы және Балқаш қалаларында күндіз де, түнде де байқалады. Ал Өскемен, Семей және Риддер қалаларында ауа сапасының нашарлауы түнгі және таңғы уақытта күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.
Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:
1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.
2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.
3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.