Түркістан облысында есепте тұрған 89 нашақор азамат көлік айдап келген

Қазіргі уақытта бұл бағыттағы қадағалау жұмыстары күшейтілді

Түркістан облысында есепте тұрған 89 нашақор азамат көлік айдап келген
Фото: © istockphoto.com

Түркістан облысында прокурорлық тексеріс барысында жол қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген келеңсіздіктер анықталды. Автокөлік басқаруға медициналық тұрғыдан мүлдем рұқсаты жоқ ондаған азаматтың жүргізуші куәлігімен еркін жүргені әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қадағалау мекемесінің мәліметінше, 89 азамат психиатр мен нарколог дәрігерлердің есебінде тұрған. Олардың денсаулық жағдайы көлік тізгіндеуге тікелей қарсы көрсетілім болса да, заңды жүргізуші куәліктерін пайдаланып келген.

«Заңнамаға сәйкес, психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар, сондай-ақ психоактивті заттарды тұтынуға байланысты дертке шалдыққан тұлғалардың, егер медициналық қарсы көрсетілімдері болса, көлік құралдарын басқаруға ешқандай құқығы жоқ», — деп нақтылады қадағалау органынан.

Прокуратураның шұғыл араласуынан кейін іс сотқа жолданды. Сот шешімімен аталған 89 азаматтың барлығының көлік құралын басқару құқығы тоқтатылды (куәліктерінің күші жойылды).

Сонымен қатар, бұл заңсыздыққа жол берген және тексерісті тиісінше жүргізбеген жауапты лауазымды тұлғалар да анықталып, оларға қатысты тиісті тәртіптік жаза қолданылды. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы қадағалау жұмыстары күшейтілді.