Мемлекет басшысы Таиланд премьер-министрімен кездесу өткізді

Президент екі елдің экономикалық ықпалдастығының келешегін жоғары бағалады

Мемлекет басшысы Таиланд премьер-министрімен кездесу өткізді
Фото: Акорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайдағы жұмыс сапары аясында Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракулмен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан Таиландты Азиядағы негізгі серіктестерінің бірі ретінде қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары.

Президенттің мәліметінше, биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 76 пайызға өсіп, 110 миллион доллардан асты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға мүмкіндік бар екенін айтып, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын көбейтуге назар аударды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін екі ел үкіметтері арасындағы байланысты жандандыруды ұсынды.

Кездесуде туризм саласындағы ынтымақтастық мәселесі де сөз болды. Таиланд қазақстандықтар ең көп баратын туристік бағыттардың бірі саналады. Былтыр бұл елге 150 мыңнан астам қазақстандық барған. Өз кезегінде Президент Қазақстанның да Таиланд азаматтарына, оның ішінде қысқы туризм бағытында тартымды мүмкіндіктер ұсына алатынын айтты.

Таиланд Премьер-министрі Анутин Чарнвиракул өз елінің Қазақстанмен өзара мүддеге негізделген ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Оның айтуынша, Бангкок экономика, сауда, цифрландыру және туризм салаларындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге мүдделі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Анутин Чарнвиракулды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.