Атырау облысының жаңа әкімі Болат Ақшолақов кім және оның қызмет жолы қандай
Ол әр жылдары мұнай-газ саласы, энергетика және мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқарған
Бұған дейін хабарлағынымыздай, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметте Серік Шәпкеновтің орнына келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Болат Ақшолақов 1971 жылғы 9 сәуірде Атырау қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын «экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар жер қойнауын пайдалану келісімшарттарын бағалау және мұнай өндіру экономикасы бағыттары бойынша кәсіби даярлықтан өткен. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген. Отбасылы, төрт баланың әкесі.
Еңбек жолын 1994 жылы банк саласында бастап, Alem Bank Kazakhstan-да экономист, кейін бас экономист болып жұмыс істеді. 1995-1997 жылдары Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінде бөлім басшысы және департамент директоры қызметтерін атқарды.
1997 жылдан бастап мұнай-газ саласына ауысып, «Қазақойл», «ҚазМұнайГаз», PSA, «Самұрық-Қазына», KAZENERGY және басқа да ірі компаниялар мен ұйымдарда түрлі басшылық қызметтерде еңбек етті. Әр жылдары PSA ЖШС мен «Almex Petrochemical» компаниясының бас директоры, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының президенті болды.
Мемлекеттік қызметте Энергетика және минералды ресурстар вице-министрі, Мұнай және газ вице-министрі, Энергетика вице-министрі, Қазақстан Республикасының Энергетика министрі және Президенттің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2025 жылдың ақпан айынан бері Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының KAZENERGY қауымдастығының төрағасы болды. Сонымен қатар Қазақстан инвесторлар одағының президенті және Азия-Тынық мұхиты ЮНЕСКО клубтары федерациясының президенті қызметтерін атқарады.
Мемлекеттік қызмет жылдарында Болат Ақшолақов «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының директорлар кеңесінің құрамында жұмыс істеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Шәпкенов Атырау облысының әкімі қызметінен босатылған болатын.