Қазақстанда тұрғын үй қымбаттады
Осы алты айда пәтер бағасы 6 пайызға қымбаттады
Биылғы алты айда Қазақстан аумағында 6 миллион жүз мың шаршы мерт тұрғын үй пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24.kz телеарнасы. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 пайызға көп.
Статистика комитетінің мәліметтеріне қарағанда, 15 өңірде өсім байқалады. Мәселен, жаңа үйді пайдалануға беру көрсеткіші Нұр-Сұлтанда – 34, Алматы облысында – 31, ал Шымкентте 22 пайызға көбейген. Десе де, осы алты айда пәтер бағасы 6 пайызға қымбаттады. Өсім барлық өңірде байқалады. Сондықтан бүгін нарықтағы баға айдарында ауданы 50 шаршы метр болатын 2 бөлмелі пәтердің құнына шолу жасаймыз.
«Салыстырмалы түрде қарасақ, Қазақстан бойынша екі бөлмелі пәтерлер Ақтөбеде арзан екен. Мұнда ауданы 50 шаршы метр болатын пәтерді 8 миллион теңгенің шамасында алуға болады. Ал Қостанайда дәл сондай баспананы 8 жарым миллион теңгеге саудалайсыз. Ақмола облысының орталығында – 12 миллион. Шымкентте – 12 жарым, Өскеменде 13 миллион теңге шамасында. Ал елордада пәтер бағасы Ақтөбемен салыстырғанда екі есе қымбат. Екі бөлмелі пәтерді мұнда 16 миллион теңгеге алуға болады», - делінген арна таратқан хабарламада.