Алматыда қисайған үйлер саны артқан
Қала билігі бес жылда бар болғаны 7 үйдің іргетасын бекіткен
Алматы қаласы Зерделі ықшам ауданында қисайған үйлер көбейген. Жылдар бойы баспана кезегіне тұрып, әупірімдеп жеткен пәтер бір күнде қирап қалуы мүмкін деген үрей тұрғындарда сейілер емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Пәтер иелері коперативінің өкілі Дана Рахимова да осы көп қабатты үйде тұрады. Оның айтуынша, Зерделі ықшам ауданында 30 үйдің сапасы сыр берген. Қабырғадағы сызаттар ұлғайып, есік пен терезе жабылмай қалғандары да бар дейді. Сондай-ақ, ықшам аудан тұрғындарының басым бөлігі әлеуметтік топ өкілдері екен.
«Ықшам аудандағы барлық үй қисайған. Біреуі 5, екіншісі 10, тіпті кейбіреуі 30 сантиметрге дейін қисайғандары бар. Ал, біздің үй 20 сантиметрге шалқайып кеткен. Негізі 15 сантиметрден асса қауіпті саналады. Сондықтан біздің мұндағы әр сәтіміз қазір қауіпті. Әкімдікке айтып, шаршадық. Үйдің іргетасын бекіту жұмыстарын уақытша тоқтатып тастапты», - дейді пәтер иелері кооперативінің өкілі Дана Рахимова.
Қала билігі жағдайдан хабардар. Дегенмен, бес жылда бар болғаны 7 үйдің іргетасын бекіткен. Қалған 23 көпқабатты баспана, алдағы уақыттың еншісінде деп отыр.