Смарт көзілдірік, микро құлаққап, шпаргалка: жүздеген түлек ҰБТ-дан қуылды
ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін видеожазбаларға талдау жүргізіледі
Қазақстанда 10 мамырдан басталған негізгі ҰБТ-ны түлектер 187 мыңға жуық рет тапсырды. Олардың 73%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 27%-ы орыс тілінде және 323 рет ағылшын тілінде тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төртінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 64 балды құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады. Ерекше білім беру қажеттіліктері (ЕБҚ) бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. ҰБТ-ға ЕБҚ бар 556 талапкер қатысты.
«Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады. ҰБТ-ны өткізудің төрт аптасында 391 ереже бұзушылық анықталды. 246 талапкер смартфондарды, смарт көзілдіріктерді, микро құлаққаптарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 145 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», – делінген министрлік хабарламасында.
2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін осы жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.
Естеріңізге сала кетсек, 240 мыңға жуық талапкер тестілеуге қатысуға екі мүмкіндікті есепке алғанда 446 мыңнан астам өтініш берген.