Құрылтайға мемлекеттік тілді білмейтін депутат төраға бола алмайды: президент заңмен белгіледі

Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады

Құрылтайға мемлекеттік тілді білмейтін депутат төраға бола алмайды: президент заңмен белгіледі
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңына қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Конституциялық заң Құрылтайды ұйымдастыру мен оның қызметін, заң шығару процесін және Құрылтайдың өкілеттіктерін жүзеге асырудың өзге де нысандарын, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін белгілейді.

Құрылтай – заң шығарушы билікті жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган. Құрылтай партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутаттан тұрады. Құрылтай депутатының өкілеттілік мерзімі – 5 жыл.

Органды мемлекеттік тілді жетік меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен сайланатын төраға басқарады.

«Заңда Құрылтай өкілеттіктерінің кең ауқымы, соның ішінде вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын сайлау және қызметтен босату, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың судьяларын қолсұғылмаушылық құқынан айыру, президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту айқындалады», – делінген Ақорданың хабарламасында.