Ұлыбританияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты

Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз

Ұлыбританияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты
Фото: Bild

Ұлыбританияда оқу-жаттығу кезінде әскери тікұшақ апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға Англияның оңтүстік-батысындағы Девон графтығында болды. Merlin Mk4 әскери тікұшағы түнгі оқу-жаттығу барысында жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 04:00 шамасында егістік алқапқа құлаған. Корольдік әскери-теңіз күштерінің өкілі апат салдарынан экипаждың үш мүшесі қаза тапқанын растады.

Оқиға орнына құтқару қызметінің мамандары жұмылдырылды. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз. Қазір оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Тікұшақ апаты Дартмур ұлттық паркінің шетіндегі Okehampton Battle Camp әскери полигонының маңында болған. Бұл жерде Корольдік әскери-теңіз күштерінің теңіз авиациясына қарасты Commando Helicopter Force бөлімшесінің экипаждары тұрақты түрде оқу-жаттығулар өткізеді.