Қарағандыға 17 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді
Дәрі чартерлік рейспен ресейлік Нижний Новгород қаласынан әкелінді
Қарағандыға COVID-19, пневмония және басқа да бірқатар дерттерді емдеуде қолданылатын дәрі-дәрмектердің үлкен партиясы келіп түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Дәрі чартерлік рейспен ресейлік Нижний Новгород қаласынан жеткізілді. Авиарейс Қарағанды облыстық әкімдігі және «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен ұйымдастырылды.
«Медициналық препараттардың жалпы салмағы 17 тоннаны құрайды. Дәрілердің жартысы - 8,5 тоннасы біздің облысқа арналған. Жүктің қалған бөлігі Павлодар және Нұр-Сұлтан қалаларына жөнелтіледі. Бұл жеткізілу гуманитарлық көмек емес», - деп жазылған хабарламада.
Әкімдік дәрі-дәрмектерді сатып алу және енгізу процедураларын жеңілдету және логистика жөніндегі мәселелерге қолдау көрсетті. Бұл партия стационарлар мен дәріханалар арасында таратылады. Сондай-ақ өңірде 700 мың қаптама көлемінде парацетамол жеткізіледі деп күтілуде.