БЖЗҚ зейнетақыға қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанда жеткілікті шегінен асқан қаражатты шығаруға көмектесетін алаяқтар жиілеген

БЖЗҚ зейнетақыға қатысты маңызды мәлімдеме жасады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) қазақстандықтарды зейнетақы жинақтарын алуға байланысты алаяқтар жиілегенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қордың мәліметінше, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда делдалдар ең төменгі жеткілікті шегінен асқан қаражатты шығаруға көмектесеміз деп алдын ала сыйақы талап ететін хабарландырулар таратып жатыр.

БЖЗҚ-да зейнетақы төлемдері делдалдарсыз және ешқандай комиссиясыз жүзеге асырылатыны атап өтілді.

«Күмәнді схемаларға қатысу арқылы сіз тек ақшаңызды жоғалтып қана қоймай, сонымен қатар жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне қауіп төндіресіз. Бұл деректер кейін басқа да алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Қор азаматтарға зейнетақы жинақтарын тек заңда нақты белгіленген жағдайларда ғана пайдалануға болатынын еске салды: зейнет жасына жеткенде, мүгедектік жағдайында, тұрақты тұруға шетелге көшкенде немесе мұрагерлік кезінде. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге бағыттауға рұқсат етіледі, бірақ бұл үшін белгіленген талаптар сақталуы тиіс.

Жинақтарды пайдалану бойынша барлық операция тек уәкілетті екінші деңгейлі банктер арқылы, делдалдарсыз жүзеге асырылады.

БЖЗҚ азаматтарға мұндай ұсыныстарды елемеуге, ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеруге және кеңес алу үшін тікелей қорға жүгінуге кеңес берді – бөлімшелер, ресми сайт, мобильді қосымша немесе байланыс орталығы арқылы.