Өңірлердің дербестігі артады: мәслихаттардың өкілеттілігі күшеймек

Заң жобасы бірінші оқылымда талқыланып жатыр

Өңірлердің дербестігі артады: мәслихаттардың өкілеттілігі күшеймек
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заң жобасын Мәжілістің жалппы отырысында таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерімен диалог алаңында және мәслихат депутаттарының форумында берген тапсырмаларын іске асыру аясында заң жобасы бірқатар ұсыныстармен толықтырылды. Құжатта өңірлердің қаржылық дербестігін күшейтуге бағытталған нормалар қарастырылған. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттерге қосымша үш түрлі төлем мен айыппұл беру ұсынылады. Бұл жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қаражатты бөлу мен шешім қабылдауда көбірек еркіндік береді», - деді Смышляева.

Оның айтуынша, мәслихат қызметінің ашықтығын арттыру және цифрландыру көзделген.

«Сессияларды онлайн көрсету, құжаттарды жариялау және ресми хат алмасуды жүргізу талаптары енгізілмек.Заң жобасы депутаттардың жауапкершілігін күшейтіп, мәслихат төрағасының өкілеттік мерзімін шектеуді де қамтиды.Мәслихат аппараты басшысын тағайындау және қызметінен босату тәртібі белгіленеді.Енді бұл құзырет тікелей мәслихат төрағасына беріледі. Аппарат басшысына кадрларды басқару және аппарат қызметкерлерін тағайындау құзыреті беріледі. Сондай-ақ мәслихат таратылған жағдайда аппарат басшысының қызметіне қатысты мәселе де шешіледі», -деді депутат.