Көкшетауда жағалау құрылысына бөлінген 170 млн теңгені жымқырғандар сотталды

Оларға қатысты сот үкімі жарияланды

Көкшетауда жағалау құрылысына бөлінген 170 млн теңгені жымқырғандар сотталды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Көкшетау қаласының соты жағалау құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша үш айыпталушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облысының прокуратурасына сілтеме жасап.

Сот кінәлі деп таныды:

  • Көкшетау әкімдігінің ТКШ бөлімінің бұрынғы басшысын;
  • техникалық қадағалау өкілін;
  • мердігер ұйымның басшысын.

Олар аса ірі көлемдегі алаяқтық, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру (жылыстату) баптары бойынша айыпталған.

Тергеу мәліметінше, қылмыс 2020 жылы Ақмола облысының арнайы прокурорлары жүргізген тергеу барысында анықталған. Күдіктілер Қопа көлі жағалауындағы құрылыс кезінде 170 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған. Кейін бұл қаражат заңдастырылған.

Сот шешімімен айыпталушылар 5 жыл 8 ай, 6 жыл 8 ай және 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ және белгіленген тәртіппен шағымдануға жатады.