Меркі ауданында шенеуніктер бір топ жетім баланың «нанын жеген»
Оларға әлеуметтік жәрдемақы тиісті түрде төленбеген
Жамбыл облысында Меркі ауданының прокурорлары ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 баланың құқығын қорғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Меркі ауданы прокуратурасы №9 колледж қызметінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын сақтау мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізген.
«Талдау нәтижесінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 11 кәмелетке толмаған балаға әлеуметтік жәрдемақылардың тиісті түрде төленбегені, сондай-ақ оларды ұйым қаражаты есебінен сауықтыру мекемелері мен лагерьлерге тегін жолдамалармен қамтамасыз ету мәселесінің қаралмағаны анықталды. Прокурорлық қадағалау шараларының нәтижесінде оқушыларға тиесілі әлеуметтік жәрдемақылар төленді», – делінген прокуратураның хабарламасында.
Сонымен қатар, оларды еңбек лагерлеріне және санаторий-курорттық мекемелерге жолдамалармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.