Елде көші-қон жүйесі өзгеріп, жаңа талаптар енгізілді
Министрлік жаңа өзгерістерді жариялады
Қазақстанда инвесторлар, кәсіпкерлер және сұранысқа ие мамандар үшін елімізге келу, виза рәсімдеу және рұқсат құжаттарын алу тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясатындағы жаңа өзгерістерді жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жаңа ережелерге сәйкес, ел экономикасы үшін аса қажетті мамандарға ерекше жеңілдіктер қарастырылған.
Басымдық берілетін мамандықтар тізіміне келесі салалар енді:
- IT-саласы (бағдарламалау және киберқауіпсіздік);
- Денсаулық сақтау (жоғары білікті дәрігерлер);
- Жаратылыстану ғылымдары;
- Өңдеу өнеркәсібі.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары Қазақстанда арнайы рұқсатсыз жұмыс істей береді. Дәл осындай қағида Қазақстан азаматтары үшін де одаққа мүше елдерде қолданылады.
«ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден келетін азаматтар үшін квота жүйесі сақталады. Бұл ішкі еңбек нарығын қорғау мен экономика қажеттілігі арасындағы теңгерімді ұстауға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді министрлік өкілдері.
2026 жылдың басынан бері шетелдік мамандарды тарту бойынша келесі көрсеткіштер тіркелді: Сұранысқа ие мамандықтар бойынша 5,1 мың рұқсат берілді; Еңбек мигранттарына 75 мыңға жуық рұқсат рәсімделді.
Биыл жұмыс берушілердің сұранысы бойынша шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 221,8 мың адамды құрамақ.
Тұрақты тұруға рұқсат алу және азаматтыққа үміткер болу тетіктері де жаңартылды. Енді үміткерлер кешенді тексеруден өтуі тиіс.
Жаңа тәртіп бойынша келесі кезеңдер міндетті:
1. Базалық деңгейде қазақ тілінен емтихан тапсыру;
2. Сауалнама мәліметтерін автоматты түрде талдау;
3. Өкілетті мемлекеттік органдардың тексерісі;
4. Қорытынды сұхбат.
Бұл шаралар елге білікті әрі қоғамға тез бейімделетін мамандарды тартуға бағытталған.