«Бір жерлеріңді кесіп аламын»: Маңғыстаудағы балабақшалардың бірінде шу шықты
Мекеме басшысының баласы өзге тәрбиеленушілерге агрессия көрсеткен
Маңғыстау облысы Жетібай ауылындағы «Жауқазын» балабақшасында үлкен жанжал шықты. Ата-аналар мекеме басшысының баласы өзге тәрбиеленушілерге агрессия көрсетіп, тіпті кеңсе пышағымен сес көрсетіп жүргенін айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметтерге сүйенсек, балабақша директорының ұлы топтар арасында емін-еркін жүріп, балаларға шабуыл жасайды. Шағымданушылардың бірі жағдайдың тым шектен шыққанын жеткізді.
«Ол қолына кеңсе пышағын ұстап алып, қыздарды бастан ұрады екен. Оларға: «Ұйықтамаңдар, әйтпесе бір жерлеріңді кесіп аламын!» деп қоқан-лоқы көрсететін көрінеді. Бұл масқара ғой!» — дейді ата-ана.
Ата-аналардың айтуынша, баланың мұндай әрекеттеріне тәрбиешілер көз жұма қарауы мүмкін. Себебі ол — мекеме басшысының ұлы.
«Директордың баласы екен деп, өз баламызды соққыға жыққызып қоймаймыз. Егер ертең біреудің көзін шығарса, кім жауап береді?» — деп наразылық білдірді тұрғындар.
Оқиғаның мән-жайын білмек болған аналар бейнебақылау камераларын көруді талап еткен. Алайда балабақша әкімшілігі «түсіруге тыйым салынған» деген сылтаумен жазбаларды көрсетпеген. Ал учаскелік инспектор бейнежазбаны тек ресми арыз түскенде ғана алуға болатынын түсіндірген.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы бұл жағдайдан хабардар. Мекеме өкілдерінің мәлімдеуінше, ертеңнен бастап арнайы комиссия жұмысқа кіріседі.
Арнайы жұмыс тобы барлық материалдарды зерттеп, заң аясында шешім қабылдайды.