Дәріханадан тараған қауіп: БҚО-да 1 млрд теңгелік есірткі схемасы әшкереленді

Заңды фармацияның көлеңкесінде жұмыс істеген топ жастарды тәуелділікке итермелеген

Дәріханадан тараған қауіп: БҚО-да 1 млрд теңгелік есірткі схемасы әшкереленді
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Батыс Қазақстан облысында күшті әсер ететін дәрілік препараттарды заңсыз таратқан ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық полиция департаменті, ҰҚК департаменті және прокуратураның бірлескен мәліметінше, күдіктілер заңды фармацевтикалық қызметтің тасасында әрекет етіп, психоактивті әрі тәуелділік тудыратын дәрілерді жасырын түрде саудалаған. Бұл заттар өңірде кең таралып, жастар арасында «дәріханалық нашақорлық» құбылысының күшеюіне себеп болған. Негізгі тұтынушылар 18–25 жас аралығындағы азаматтар болған, олардың арасында бұрын сотталғандар мен есепте тұрғандар да, алғаш рет қолданғандар да кездеседі.

Жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қылмыстық схема толық тоқтатылды. Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі дәрілік препараттар, есірткі заттары, оқ-дәрілер және қомақты қаражат тәркіленді. Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілері де анықталған.

Жалпы 11 адам күдікке ілінген, оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынған. Алдын ала дерек бойынша, топтың заңсыз айналымы шамамен 1 млрд теңгені құраған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікке, соның ішінде жылжымайтын нысандар мен қымбат автокөліктерге тыйым салынды.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.