Төрт жылдан кейінгі алтын: Әділет Алмат дзюдодан Азия чемпионы атанды
Осыдан төрт жыл бұрын дзюдошы Данияр Шамшаев дәл осы додада чемпион атанған еді
Қытайдың Ордос қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы көптен күткен алтынға қол жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
81 келі салмақта сынға түскен Әділет Алмат финалда Тәжікстан спортшысы, Париж Олимпиадасының жүлдегері Сомон Махмадбековпен белдесіп, сенімді жеңіске жетті.
Бұл – Әділет Алмат үшін ересектер арасындағы Азия чемпионатындағы алғашқы медаль. Бұған дейін ол 2023 жылы жастар арасында құрлық чемпионы атанған еді. Ал дзюдошының бүгінгі жеңісі Қазақстан үшін де ерекше мәнге ие болып отыр. Өйткені дәл осы салмақта осыдан төрт жыл бұрын Данияр Шамшаев Азия чемпионы атанған еді. Енді сол жетістік қайта жаңғырды.
Алматтың турнир жолы да оңай болған жоқ. Ол жарысты Қырғызстан өкілі Шыңғысхан Сағыналиевті жеңуден бастады. Ширек финалда отандасы Абылайхан Жұбаназарды жарыс жолынан шығарды. Ал жартылай финалда тәжікстандық Бехрузи Хожазодадан басым түсті. Финалда тәжірибелі қарсыласқа қарсы айқын жеңісі оның бұл турнирдегі толық үстемдігін көрсетті.