Ұлытау облысында адвокат лауазымды қызметкерлерге пара беремін деп клиентінен 31 млн теңге алған
Ол осы қылмысы үшін 6 жылға сотталып кетті
Ұлытау облысында адвокат лауазымды қызметкерлерге пара беремін деп клиентінен 31 млн теңге алғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұлытау облысында адвокат аса ірі мөлшердегі алаяқтық және пара беруге итермелеу фактісі бойынша сотталды
Осы жылдың ақпан айында облыс прокуратурасының үйлестіруімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен Ұлытау облысы адвокаттар алқасының адвокатын ұстады.
«Тергеу барысында оның алдау жолымен сенім білдірушіні жаңылыстырып, ұлына қатысты қылмыстық істі тоқтату мәселесін шешу үшін лауазымды тұлғаларға берілетінін айтып, ақшалай сыйақы беруге көндіргені анықталды. Нәтижесінде адвокат алаяқтық жолмен сенім білдірушіден 31 млн теңге көлемінде ақшалай қаражат алған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Жезқазған қалалық сотының үкімімен адвокат 6 жылға бас бостандығынан айырылып, 5 жыл мерзімге адвокаттық қызметпен және заң консультанты қызметімен айналысу құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.