Таңғы алтыдан бастап комиссия мүшелері толық дайын отырды - бақылаушы учаскедегі жағдай туралы айтты
Оның айтуынша, бәрі заңға сәйкес өтіп жатыр
Алматы қаласындағы №333 учаскесінде референдум заң талаптарына сай өтіп жатыр. Бұл туралы аталған учаскеде «AMANAT» партиясы атынан бақылаушы болып отырған Айбар Чаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, бақылаушылардың негізгі мақсаты - референдумның сайлау туралы заңнамаға және жалпы мойындалған халықаралық ұстанымдарға сәйкес әділ өтуін бақылау.
«Біздің мақсатымыз - референдумның заң талаптарына және халықаралық ұстанымдарға сай әділ өтуін қадағалау. Сонымен қатар азаматтардың дауыс беру құқығының сақталуына бақылау жүргізіп отырмыз», - деді ол.
Айбар Чаев учаскеде дауыс беру процессіне қажетті барлық жағдай жасалғанын атап өтті.
«Референдум жоғары деңгейде өтіп жатыр. Баннерлер ілінген, дауыс беру кабинкалары мен бақылаушыларға арналған орындар толық қойылған», - деді бақылаушы.
Оның айтуынша, учаскеге таңғы алтыға дейін келген кезде комиссия мүшелері толық дайын болған.
«Мен келгенде комиссия мүшелері толық дайын отырды. Сағат жетіден бастап алғашқы дауыс берушілер келе бастады. Халық белсенді түрде дауыс беріп жатыр», - деді ол.
Сондай-ақ бақылаушының айтуынша, учаскеде дауыс берушілер мен комиссия мүшелерінің көңіл күйі көтеріңкі, әзірге ешқандай заңбұзушылық тіркелмеген.