$ 493.85  571.78  6.25
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Қазақстан темір жолы» жаңа автоматтандырылған жүйе енгізді

Ол жалған немесе қайталанатын өтінімдерді жоюға бағытталған

«Қазақстан темір жолы» жаңа автоматтандырылған жүйе енгізді
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда теміржол арқылы жүк тасымалдау саласындағы қордаланған мәселелерді шешу үшін «Қазақстан темір жолы»  жаңа технологиялық қадамға көшті. Өткен жылдан бері енгізіліп жатқан автоматтандырылған жүйе жүк жөнелтушілер тарапынан берілетін жалған немесе қайталанатын өтінімдерді жоюға бағытталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

2023 жылдан бастап жүк жөнелтушілер жалпы көлемі 202,5 млн тонна жүк тасымалдайтынын мәлімдегенімен, іс жүзінде оның тек 88 млн тоннасы ғана тасымалданған.

  • 2023 жылы: 73,6 млн тонна мәлімделіп, іс жүзінде 27,3 млн тоннасы жөнелтілді.
  • 2024 жылы: 62 млн тонна мәлімделіп, 27,5 млн тоннасы тасымалданды.
  • 2025 жылы: 66,9 млн тонна мәлімделіп, 33 млн тоннасы жеткізілді.

Осылайша, мақұлданған жүктердің төрттен бірі іс жүзінде ешқайда жөнелтілмеген. Бұл жағдай инфрақұрылымның өткізу қабілетін жасанды түрде тежеп, нақты жүгі бар кәсіпкерлердің жолын бөгеп келді.

Қазіргі таңда жаңа жүйеге 30-дан астам вагон иесі қосылып үлгерді. Ендігі жерде өтінімдер тек вагон операторлары мен нақты жүк қабылдаушылардың растауымен ғана қабылданады. Бұл келесідей нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді:

1. Нарық қатысушыларының инфрақұрылымға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету;

2. Желіні пайдалану тиімділігін арттыру;

3. Вагондардың айналымын жылдамдату.

Жүйені толыққанды іске қосу 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Кедергілерге қарамастан, соңғы екі жылда Қазақстанның теміржол тасымалы тарихи жетістікке жетті. 2025 жылы көршілес елдермен сауда байланысы айтарлықтай нығайды:

Ресеймен жүк айналымы 92 млн тоннаға (+3,5%) жетті;

Қытаймен – 35,6 млн тонна (+11%);

Өзбекстанмен – 32,3 млн (+16%) тоннаға жетті.