Тегеран дипломатиялық есікті жапты: Иран АҚШ-пен келіссөздерді тоқтататынын мәлімдеді
Иран тарапы АҚШ әрекеттерін дипломатияға жасалған соққы деп бағалады
Иран билігі АҚШ-пен жүргізіліп келген ядролық келіссөздерді жалғастырудан бас тартатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТАСС агенттігінің ақпарына жүгінсек, Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-Раванчи France 24 телеарнасына берген сұхбатында Тегеран бұдан былай Вашингтонмен келіссөз жүргізбейтінін айтқан. Оның мәліметінше, Иран келіссөздер жүріп жатқан кезеңде әскери шабуылға ұшыраған, сондықтан ел өзін қорғауға мәжбүр және соғысты өзі бастаған жоқ.
Маджид Тахт-Раванчи келіссөздердің соңғы кезеңі Оманның делдалдығымен өткенін еске салды. Оның айтуынша, бұл раундты Оман тарапы қанағаттанарлық деп бағалаған. Алайда АҚШ-тың әскери әрекеттері дипломатиялық процесті толықтай бұзған.
Иран СІМ өкілінің мәліметінше, Тегеран Вашингтонның әрекетін ядролық келіссөздер аясындағы сенімге жасалған сатқындық ретінде қабылдаған. Осыдан кейін Иран тарапы келіссөз алаңынан толық шығатынын мәлімдеді.
Еске салайық, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастаған. Соңғы соққылар нәтижесінде Тегеран мен өзге де ірі қалалар шабуылға ұшырап, елдің жоғары әскери басшылығы арасында қаза тапқандар болғаны хабарланды.
Иран өз кезегінде жауап ретінде Ислам революциясының сақшылар корпусы арқылы бірқатар әскери нысандарға қарсы соққы жасаған. Сарапшылар Таяу Шығыстағы бұл шиеленіс өңірдегі қауіпсіздік жағдайын күрделендіруі мүмкін екенін атап отыр.