Геннадий Головкин XXI ғасырдың ең мықты боксшыларының бірі деп танылды
Boxing.media платформасы XXI ғасырдың ең мықты 25 боксшысының тізімін жариялады
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин XXI ғасырдың ең үздік боксшыларының қатарына енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Boxing.media платформасы қазіргі заманның ең мықты былғары қолғап шеберлерінің рейтингін жариялап, онда қазақстандық боксшы 11-орынға жайғасты. Тізімге кәсіби бокстағы жетістігімен тарихта қалған 25 спортшы енгізілген.
Геннадий Головкин орта салмақта ұзақ жылдар бойы WBA, IBF және WBC нұсқалары бойынша чемпиондық белбеулерін иеленіп, оларды бірнеше мәрте сәтті қорғады. Оның рингтегі тұрақтылығы мен нокауттық жеңістер сериясы қазақстандық бокс мектебінің беделін халықаралық деңгейде айқын көрсетті.
Boxing.media нұсқасы бойынша XXI ғасырдың үздік 25 боксшысы қатарында Флойд Мейвезер, Мэнни Пакьяо, Бернард Хопкинс, Александр Усик және Сауль Альварес секілді әлемдік бокс жұлдыздары бар.
Головкин әуесқой бокста 350 жекпе-жек өткізіп, 345 рет жеңіске жеткен. Ал кәсіпқой рингте 45 кездесу өткізіп, оның 42-сінде басым түсті. Оның ішінде 37 жекпе-жек нокаутпен аяқталған.
Қазіргі уақытта Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті қызметін атқарады. Сонымен қатар ол Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті ретінде ел спортының дамуына үлес қосып келеді.