«Қазақ қыздарына тіл тигізген»: 15 тәулікке қамалған ресейлік блогерлер босап шықты
Қамауда болған ресейлік стример жазасын әділ деп бағалады
Ресейлік стример Анар Абдуллаев Қазақстанда бойжеткендерді қорлаймын деп 15 тәулікке қамауға алынған. Блогер басынан өткен жағдай туралы пікір білдіріп, жазаның әділ болғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анар Абдуллаев бұл жөнінде өзінің Telegram-арнасында видео жариялаған. Сондай-ақ стример өзіне қолдау білдіргендерге алғыс айтты.
«Баршаңызға сәлем! Әлі күнге дейін бәрі осылай болғанына сене алар емеспін. Ренатпен бірге өте ауыр кезеңді бастан өткердік. Менің ойымша, бұл – лайықты жаза. Ешкімді ренжітуді, қорлауды мақсат еткен жоқпыз, соны жеткізгім келеді», – деді ол.
Айта кетейік, өткен айда Анар Абдуллаев пен Ренатконың Алматыда қазақстандық қыздарға тіл тигізгені үшін ұсталғаны хабарланған. Кейін ұсақ бұзақылық жасағаны үшін олар 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.
Қамауға алынғанға дейін стримерлерді қазақстандық ер азаматтар тауып, айтылған сөздерге байланысты түсіндіру жүргізген. Әңгіме барысында стримерлер камера алдында кешірім сұраған.
Оқиғадан кейін қазақстандық актер әрі ММА жауынгері Еркебұлан Тоқтар Абдуллаев пен Пашаевқа үндеу жасап, бұл жағдайдың өзіне қатты әсер еткенін айтқан.
Бұдан бөлек, ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев танымал стримерлерге қатысты жаңа қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.