$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі мәлімдеме жасады

Олар жергілікті жерде тұратын отандастарды көмек беруге шақырды

Таяу Шығыстағы қақтығыс: Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі мәлімдеме жасады
Фото: © istockphoto.com

Таяу Шығыстағы соғыс қимылдарының басталуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктерінен жүздеген қазақстандық елге қайта алмай отыр. Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі жергілікті жерде тұратын отандастарды қиын жағдайда қалған азаматтарға қол ұшын созуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Елдегі дағдарыс 2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ-тың Иран астанасына жасаған жойқын соққысынан кейін басталды. Шабуыл салдарынан Иранның жоғарғы көсемі аятолла Хаменеи қаза тапты. Иран тарапы бұған жауап ретінде АҚШ-тың аймақтағы базалары мен Израильге зымыран жаудырды.

Қазіргі уақытта Таяу Шығыс үстіндегі әуе кеңістігі жабық, бұл халықаралық әуеқатынастың тоқтауына әкеп соқты.

Кімдерге көмек керек?

Қазіргі уақытта БАӘ аумағында қысқа мерзімге және демалысқа келген Қазақстан азаматтары қалып қойған. 

Елшілік Instagram-дағы парақшасында жазба жариялады.

«Егер сізде мүмкіндік болса (уақытша орналастыру, тамақтандыру немесе өзге де маңызды көмек), көрсетілген байланыс нөмірлеріне хабарласуыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, қиын жағдайда қалған отандастар туралы ақпарат білсеңіз, дипломатиялық миссияға хабарлаңыз», – делінген хабарламада.

Жедел байланыс нөмірлері

Көмек бере алатын немесе көмекке мұқтаж жандар үшін шұғыл желілер іске қосылды:

Әбу-Дабидегі ҚР Елшілігі:

  • +971 50 508 5226
  • +971 2 449 8778

Дубайдағы ҚР Бас консулдығы:

  • +971 50 570 1978
  • +971 4 547 5784
  • Email: dubaimfakz@gmail.com