Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды
Бұл қалаларда ауада зиянды заттар жиналуы мүмкін
1 наурыз күні Қазақстанның 13 қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай болып, ауада зиянды заттар жиналуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Қай қалаларда ауа сапасы нашарлайды?
Синоптиктердің болжамы бойынша, жексенбі күні еліміздің бірқатар ірі елді мекенінде атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғарылайды. Атап айтқанда: Астана мен Петропавл; Көкшетау, Павлодар, Қарағанды; Жезқазған, Балқаш, Теміртау; Өскемен, Семей, Риддер; Атырау және Ақтөбе қалаларында.
Қолайсыз метеожағдай дегеніміз не?
Қолайсыз метеожағдай — бұл ауаның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін факторлар жиынтығы. Баяу жел, тұман және инверсия салдарынан түтін мен улы газдар сейілмей, жиналып қалады.
Мамандар ауа сапасы нашарлаған кезде сақтық шараларын сақтауды сұрайды:
1. Ашық ауада, әсіресе тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын маңда ұзақ жүрмеу керек.
2. Тыныс алу жолдары, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиясы бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүргені абзал.
3. Ауа сапасы жақсарғанша терезелерді ашпаған дұрыс.