$ 497.56  586.92  6.44
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жеті адамның өмірін қиған жарылыс: кафе басшылығы көмек көрсетуге уәде берді

Щучинскідегі апатта 7 адам қаза тапты, әкімдік 2 млн теңгеден өтемақы төлейтінін мәлімдеді

Жеті адамның өмірін қиған жарылыс: кафе басшылығы көмек көрсетуге уәде берді
Фото: ТЖМ

Ақмола облысы Бурабай ауданына қарасты Щучинск қаласында болған жойқын жарылысқа қатысты «Центр плова» кафесінің иелері ресми мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендерге қолдау білдіретінін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мекеме басшылығының мәліметінше, бес қабатты тұрғын үйге жапсарлас орналасқан кафеде болған қайғылы жағдай олар үшін де орны толмас қасірет. Олар бұл оқиғаның талай отбасының тағдырына салмақ салғанын атап өтіп, жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға және зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуге уәде берді.

Еске салайық, Ақмола облысы төтенше жағдайлар қызметінің дерегіне сәйкес, Щучинск қаласындағы тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан дәмханада газ-ауа қоспасының жарылысы тіркелген. Оқиға салдарынан 7 адам қаза тауып, ондаған адам түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Жергілікті әкімдік қаза тапқандардың отбасыларына 2 млн теңгеден материалдық көмек берілетінін мәлімдеді. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.