Еңбек адамы – мемлекеттің тірегі: Жаңа Конституция жобасы зауыт ұжымымен талқыланды
Аида Балаева еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктер Ата Заңда нақты нормамен бекітілуі тиіс екенін айтты
Батыс Қазақстан машина жасау зауытында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелері еңбек ұжымымен кездесіп, Жаңа Конституция жобасын және 15 наурызда өтетін республикалық референдумды талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Сергей Пономарев, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай, сондай-ақ кәсіпорын өкілдері қатысты.
Жиында жаңа редакциядағы Конституцияда еңбек адамының құқықтарын қорғау мен әлеуметтік кепілдіктерді күшейту мәселесіне басымдық берілетіні айтылды. Аида Балаеваның мәліметінше, құжаттың 27-бабының 2-тармағында әр азаматтың еңбек ету құқығы, қауіпсіз әрі гигиена талаптарына сай еңбек жағдайына ие болу мүмкіндігі және кемсітусіз лайықты еңбекақы алу құқығы нақты бекітіледі. Оның айтуынша, еңбек адамына құрмет декларативті сипатта қалмай, құқықтық қағидаттармен қамтамасыз етілген нормаға айналуы қажет.
Сонымен қатар, Жаңа Ата Заңда еңбексүйгіштік мемлекеттің негіз қалаушы қағидаттарының бірі ретінде айқындалатыны атап өтілді. Бұл адал еңбек ел дамуының басты қозғаушы күші ретінде танылатынын білдіреді.
Сергей Пономаревтің айтуынша, Конституция жобасын әзірлеу жұмыстары ашық форматта, сарапшылардың қатысуымен жүргізілген. Құжатта цифрлық ортадағы адам құқықтарын қорғау, дербес деректер қауіпсіздігі, қоршаған ортаға келтірілген зиян үшін жауапкершілікті күшейту және ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қамтылған.
Кәсіпорын қызметкерлері де өз пікірлерін білдірді. Маркетинг бөлімінің басшысы Роман Ставкин Конституция қарапайым азамат үшін нақты кепілдікке айналуы тиіс екенін айтты. Оның сөзінше, егемендік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы, заң үстемдігі мен еңбек адамының құқығын қорғау – өндірістегі тұрақтылықтың да негізі.
Механикалық сынақтар жөніндегі инженер Дарина Сейсенова демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет қағидаттары еңбек ұжымдары үшін ең алдымен тұрақты жұмыспен қамтылу, қауіпсіз еңбек ортасы және еңбектің әділ бағалануы арқылы көрініс табуы керектігін жеткізді. Ол ұлтаралық келісім мен бірліктің өндірістегі күнделікті еңбекте айқын сезілетінін атап өтті.
Кездесу қорытындысында коалиция өкілдері ұжым қойған сұрақтарға жауап берді. Жиын барысында 15 наурызда өтетін референдумға қатысу әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және құқықтық мемлекет қағидаттарын бекітуге бағытталған маңызды қадам екені айтылды.