$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді: не өзгереді

Заң ресми түрде қолданысқа енді

Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді: не өзгереді
Фото: © freepik.com

18 қаңтардан бастап, Қазақстанда «Жасанды интеллект туралы» заң ресми түрде қолданысқа енді. Бұл — еліміздегі ЖИ технологияларын реттейтін алғашқы жүйелі құжат, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Азаматтардың құқығы мен деректерді қорғау

Жаңа заңның басты мақсаты — технологиялық даму мен адам құқығының арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Енді кез келген ЖИ жүйесі келесі принциптерге бағынуы тиіс:

Ашықтық: Алгоритмдердің қалай жұмыс істейтіні түсінікті болуы керек.

Деректерді қорғау: Жеке мәліметтердің құпиялылығы мен киберқауіпсіздік бірінші орында.

Ақпараттандыру: Егер сіздің деректеріңізді робот немесе алгоритм өңдейтін болса, сізге ол туралы міндетті түрде ескертілуі тиіс. Сондай-ақ, азаматтардың мұндай өңдеуге қарсылық білдіруге құқығы бар.

Жасанды интеллект үшін не нәрсеге тыйым салынды?

Заңда ЖИ-ді теріс мақсатта пайдалануға қатысты қатаң шектеулер қойылған. Қазақстан аумағында келесі әрекеттерге тыйым салынады:

1. Манипуляция: Адамның санасына немесе подсознаниесіне әсер ету әдістерін қолдану.

2. Дискриминация: Әлеуметтік немесе биометриялық белгілері бойынша адамдарды кемсіту.

3. Эмоцияны анықтау: Адамның келісімінсіз оның сезімдері мен эмоцияларын тану.

4. Осал тұстарды пайдалану: Адамның жасын, денсаулық күйін немесе әлеуметтік жағдайын пайдаланып зиян келтіру.

ЖИ-контентті таңбалау және авторлық құқық

Енді интернеттегі суреттер мен мәтіндерге қатысты талап күшейеді. Синтетикалық контент, яғни Жи көмегімен жасалған өнімдер міндетті түрде таңбалануы (маркировка) керек. Қолданушы оның адам емес, машина жасаған дүние екенін білуі тиіс.

Авторлық құқық: ЖИ жасаған туынды тек адамның шығармашылық үлесі болғанда ғана авторлық құқық нысаны ретінде танылады.

Промпттар: Жасанды интеллектке берілетін мәтіндік сұраныстар (промпттар) да авторлық құқықпен қорғалады.

Жауапкершілік кімде?

Заң ЖИ жүйелерін қауіп деңгейіне қарай минималды, орташа және жоғары деп бөледі. Жоғары қауіпті жүйелерге мемлекеттік ақпараттық қауіпсіздік талаптары қойылады. Ең бастысы — ЖИ жұмысының нәтижесі үшін оның иелері мен пайдаланушылары заң аясында тікелей жауапты болады.

Серіктес жаңалықтары