Ұлытау облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланып, 136 млн теңге пайда тапқандар ұсталды
Ұлытау облысында прокуратура жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін анықтады
Ұлытау облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Ұлытау ауданында пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру схемасын анықтады және Қылмыстық кодекстің 334-бабы бойынша 2 қылмыстық іс тіркеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалар қылмыстық жауаптылыққа тартылды, 51 млн теңге экологиялық залал өтелді, 136 млн теңге мөлшерінде жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды өндіріп алу бойынша шаралар қабылдануда.
Сонымен қатар Жер кодексінің талаптарына сәйкес пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып пайдаланылатын жерлерді анықтау қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарының құзыретіне жатқызылған.
Алайда талдаумен жергілікті атқарушы органдардың сеніп тапсырылған аумақтарда пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің жолын кесу бойынша әрекетсіздік фактілері анықталды.
Тек «Қазақстан Ғарыш сапары»ғарыштық мониторингінің деректері бойынша (nedro.gharysh.kz), облыс аумағында пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру белгілері бар 53 учаске белгіленген.
«Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасының ұсынуы бойынша облыс әкімдігі қалалар мен аудандардың әкімдеріне пайдалы қазбаларды өз бетінше өндіру фактілерін уақтылы анықтауға бағытталған шараларды қабылдауды тапсырды.
Жергілікті атқарушы органдардың кінәлі лауазымды адамдары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Жер қойнауын өз бетінше пайдалану фактілерін анықтау және жолын кесу жұмыстары жалғасуда және табиғат қорғау прокуратурасының бақылауында», – делінген прокуратураның хабарламасында.