$ 512.16  594.72  6.57
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодарда шетел азаматы бүйрегін 50 мың долларға сатпақ болған: оған қатысты сот үкімі шықты

Ол медициналық тексеруден өткен және 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алған

Павлодарда шетел азаматы бүйрегін 50 мың долларға сатпақ болған: оған қатысты сот үкімі шықты
Фото: Павлодар облысы ПД

Павлодар қаласының ауданаралық соты адам ағзасын заңсыз сатуға оқталу ісі бойынша іске үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс келісім тәртібімен қаралды.

Әйел адам «Тірі адамның ағзасына қатысты заңсыз мәміле жасауға оқталу» бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Соттың анықтауынша, 2024 жылы Ресей Федерациясының азаматы пайда табу мақсатында Telegram мессенджері арқылы бүйрегін 50 мың АҚШ долларына сатуға келісім жасаған.

Келісімге сәйкес, ағза трансплантациясы Павлодар аумағында жүргізілуі тиіс болған.

2025 жылы әйел Қазақстанға келіп, медициналық тексеруден өткен және 5 миллион теңге көлемінде алдын ала төлем алған. Осыдан кейін оны полиция қызметкерлері қолға түсірген.

Қылмыс өзіне байланысты емес себептер бойынша соңына дейін жеткізілмеген.

«Кінәсін мойындауы, өкініш білдіруі және асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы ескеріле отырып, сот 10 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қамауда өткізген уақыты есепке алынып, жаза өтелген деп танылды, сотталған азаматша қамаудан босатылды», – делінген сот хабарламасында.

Үкім заңды күшіне енді.

Серіктес жаңалықтары