ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Жамбыл облысында қызылша өршіп тұр: екі аптада 191 адам ауырды

Науқастардың басым бөлігі екпе алмаған балалар

Жамбыл облысында қызылша өршіп тұр: екі аптада 191 адам ауырды
Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында соңғы екі апта ішінде қызылшамен ауырған 191 жағдай тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауруға шалдыққандардың ішінде бес жасқа дейінгі 139 бала бар. Эпидемиологиялық ахуал әсіресе Тараз қаласында ушығып тұр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде қызылшаның күрт көбеюі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап байқалған. Анықталған жағдайлардың 80% астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп отыр.

Ведомство дерегіне жүгінсек, қызылша жұқтырған бір жасқа толмаған 43 нәресте тіркелген. Ал бір жастағы балалар арасында 42 жағдай, екі мен бес жас аралығындағы топта 54 жағдай анықталған. Жалпы көрсеткіштің 81% Тараз қаласының үлесінде. Қалған аудандарда 1-ден 14-ке дейінгі аралықта жағдай тіркелген. Департамент басшысының орынбасары Неила Мүлікованың айтуынша, науқастардың басым бөлігі екпе алмаған азаматтар.

«Ауру жұқтырғандардың көпшілігі вакцина салдырмаған. Оның негізгі себептері- профилактикалық екпеден саналы түрде бас тарту (33%), медициналық қарсы көрсетілімдер (15%) және екпе жасына жетпеу (22%)»,-деді ол.

Маман қызылшаның өте жұқпалы екенін ескертті. Бұл ауа-тамшы жолымен таралатын жедел вирустық инфекция. Адамдар көп жиналатын орындарда қысқа уақыт байланысудың өзі жеткілікті.

«Бір науқас иммунитеті жоқ 20 адамға дейін жұқтыра алады. Вирус жабық ғимаратта бір сағатқа дейін сақталады. Сондықтан науқас кеткеннен кейін де жұқтыру қаупі жоғары», – деп түсіндірді Неила Мүлікова.

Дәрігерлердің сөзінше, ауру әдетте дене қызуының 38-40 градусқа дейін көтерілуінен басталады. Оған тұмау, жөтел, көздің қызаруы (конъюнктивит) және қатты әлсіздік қосылады. Бірнеше күннен соң бөртпе пайда болып, алдымен беттен басталып, кейін бүкіл денеге тарайды. Мамандар ересектердің қызылшаны балаларға қарағанда ауыр өткеретінін айтады.

Қызылшаның ең қауіпті тұсы - асқынулар. Олардың қатарында өкпе қабынуы, құрысу, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, соның ішінде энцефалит бар. Кей жағдайларда ауру ауыр формаға - қызылшалық панэнцефалитке ұласып, иммунитеттің ұзақ уақыт әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Бұл дертке қарсы арнайы ем жоқ. Қорғанудың жалғыз жолы - вакцинация. Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес, жоспарлы екпе балаларға 1 және 6 жасында салынады. Аурудың таралуына байланысты 2025 жылдың желтоқсанынан бастап Жамбыл облысында қосымша жоспардан тыс вакцинация басталған.

«Қазір 9-10 айлық егілмеген балаларға, сондай-ақ 2-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге екпе салынып жатыр. Бүгінге дейін қызылшаға қарсы вакцинаны шамамен 4 мың бала алды»,– деді департамент басшысының орынбасары.

Мамандардың айтуынша, екпе салынғандардың 97-98 пайызында тұрақты иммунитет қалыптасады. Оның әсері 20-25 жылға дейін сақталуы мүмкін. Осыған байланысты дәрігерлер ата-аналарды балаларын уақтылы вакциналауға және профилактикалық екпеден бас тартпауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары