«Мақпалға кім қызықпады?!»: Алтынбек Қоразбаев талай жыл іште сақтаған сырын ашты (ВИДЕО)
«Мәңгілік махаббат» әнін Мақпалға арнап жаздым, дейді композитор
Композитор, әнші, Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев «Хабар» арнасындағы «КешREC» бағдарламасында «Мәңгілік махаббат» әнін арнайы Мақпал Жүнісоваға жазғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жүргізуші бағдарлама барысында «Мақпал Жүнісоваға ғашық болғаныңыз рас па?» деп сұрады.
«Ондай құпияны аша берсек, халықтан ұят болады. Мақпал қазақтың сүйікті әншісі ғой. Мақпалға кім қызықпады?! Мен оның өзіне емес, әніне қызықтым. Жамбыл облысы филармониясының директоры болып жүргенімде тырнақтай ғана қыз «Гүлдер» ансамблімен келді, сол кезден бастап Мақпалға көзім түсті, көптеген әнімді орындады. Шынында «Мәңгілік махаббат» әнін Мақпалға арнап жаздым. Мақпал оны орындады», - деді композитор.
Ол көп нәрсе Мақпалға жарасатынын, біртуар әнші екенін атап өтті.
«45 жыл концерттік ұжым басқардым. Талай-талай әншіні, талай сұмдықты көрдім. Сахнада тұрғанда кей әншілер көп сөйлеп кетеді, ән айтудың орнына әңгіме айтады. Ақылгөй болып көрінеді. Оларға ән айтуға шықтың ба, әңгіме айтпа деп ескертіп отырамын. Мақпалға да айтып-айтып шаршадым. Бірақ Мақпалға бәрі жарасатынына кейін көзім жетті. Сондықтан Мақпал, Роза сияқты әншілерді біртуар әншілер деп айтатыным рас», - деп сөзін түйіндеді халық әртісі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділов туралы естелік айтқан болатын.
«Ол кісі әйел адамның өзіне қарсы шыққанын тіптен жек көретін адам екен. Керемет болдым деп айта алмаймын. Басындағы 1-2 жыл ит пен мысық сияқты өмір сүрдік. Мен де тік мінезді адаммын. Бетіне айтып тастайтынмын. Солай айттың деп, 2-3 күн сөйлеспей қоятын. Ол кісі мені тәрбиеледі, кішкене жынымды басты», - дейді әнші.