Алматыда еңгезердей ер адам аулада ойнап жүрген баланы бар күшімен теуіп құлатты (ВИДЕО)
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды
Алматы қаласында еңгезердей ер адам аулада ойнап жүрген кішкентай баланы бар күшімен теуіп құлатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Алатау ауданындағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында болған. Желіде тараған видеоға назар аударсақ, ер адам балалар арасындағы жанжалға араласып, жүгіріп келіп, кішкентай баланы тоқтамаған күйде бар күшімен теуіп жіберген. Зардап шеккен ұл бала ми шайқалу диагнозымен ауруханаға түсті.
Ата-анасының айтуынша, учаскелік полицей ер адам баланың емдеу шығындарын өтесе, мәселені «бейбіт жолмен» шешуді ұсынған. Зардап шеккен баланың отбасы әділ тергеу жүргізіліп, кінәлі ер адамның жазалануын талап етіп отыр.
Оқиғаға қатысты агенттік тілшісі қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.
Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді.
«Қылмыстық іс қозғалды. Қажетті көмектің бәрі көрсетіледі. Оқиға Алматы қаласының Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің бақылауында», – деді Динара Зәкиева.