Түркияда 120 оқушы тамақтан уланып, ауруханаға түсті
Оның 13-і мемлекеттік ауруханада жатыр
Түрік БАҚ-тарының хабарлауынша, оқиға Түркияның Бингел провинциясына қарасты Адаклы ауданында болған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Дереккөзге сүйенсек, өңірдегі шейіт Хикмет Саид атындағы интернат пен бастауыш мектепте түскі асқа айран, тауық еті және палау берілген. Осы тағамдарды ішіп-жегеннен кейін бірнеше оқушының жүрегі айнып, әлсіздік байқалған.
Тамақтан улану күдігіне байланысты жедел жәрдем бригадалары шұғыл түрде оқушыларды тексере бастаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 120 оқушы Адаклы және Киги мемлекеттік ауруханаларына кезең-кезеңімен жеткізілген. Оның ішінде 13 оқушы Бингел мемлекеттік ауруханасына жолданған.
Бингел провинциясы әкімдігі оқиғаға байланысты құқықтық және әкімшілік тергеу басталғанын, тағам үлгілері алынып, зертханаға жіберілгенін мәлімдеді.