Жолаушы құлағының мүкісі бар жүргізушінің ақысын төлемей, қашып кеткен (ВИДЕО)
Ол 6 мың теңге төлемей қашып кеткен
Көкшетаудан Астанаға жеткен жолаушы жүргізушінің есту қабілетінің төмендігін пайдаланып, такси ақысын төлемей қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға видеосы Instagram-дағы «Qumash» парақшасында жарияланып, көпшіліктің назарын тез аударды. Жүргізуші Саматтың танысының айтуынша, жігіт оған 6 мың теңге қарыз болған.
«Самат тек сол баланың ұялғанын қалайды. Ақша жинау ісін ұйымдастырғанын қаламайды», - делінген жазбада.
Ақмола облысы Полиция департаменті бұл фактіде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері болмаса да, полиция қызметкерлері жарияланымға тез әрекет еткенін хабарлады.
Полиция қызметкерлері жолаушының жеке басын анықтап, оны ішкі істер органдарына жеткізу үшін қажетті шараларды жүргізген.
«Сол күні-ақ полицейлер құқықбұзушыны – Көкшетаудың 30 жастағы тұрғынын анықтады. Оның айтуынша, ол 24 қарашада таксимен жүрген, алайда қызмет ақысын төлемей көліктен түсіп кеткен», — делінген ПД хабарламасында.
Ер адам өз әрекетін ақшалай қиындығымен түсіндірген. Құқық қорғау органдары жолаушымен профилактикалық әңгіме жүргізді. Нәтижесінде ол жолақысын толық көлемде жүргізушіге қайтарып берді.