«Қайық аударылып, екеуі суға кеткен»: СҚО-да полицей мұздай көлден бір баланы аман алып шықты (ВИДЕО)
Балалар ауыл маңындағы көлге балық аулауға барған екен
Солтүстік Қазақстан облысы Мамлютка ауданының учаскелік полицейі мұздай суға түсіп, 13 жастағы баланы аман алып шыққан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның мәліметіне сүйенсек, жексенбі күні түс ауа, сағат 16:00 кезінде Қадырбек Исин кезекшіліктен келіп, үйінде демалып жатқан екен. Сол кезде оған қоңырау шалған әріптестері ауыл маңындағы кішкентай көлде балық аулап отырған екі баланың қайығы аударылып кетті деген хабар айтқан. Балалардың біреуі жағаға өзі жүзіп жеткен екен. Ал екінші бала суық судың ортасында, қайыққа жармасып отырған.
«Қадырбек Исин оқиға орнына жеткенде төтенше жағдайлар қызметкерлері қайық дайындап жатыр екен. Бірақ, бала 20 минуттан бері мұздай судың ішінде тұрғанын түсінген полицей ойланбастан суға түсіп, баланы алып шықты», - деп хабарлайды дереккөз.
Қадырбек Исиннің айтуынша, бала әбден тоңып қалған екен. Ең қызығы, судың ортасында тұрған бала полиция қызметкерін көре сала «маған айыппұл салмай ма?» деген сұрақ қойыпты.