$ 525.87  614.37  6.72
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап өлді

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап өлді
Фото: istockphoto.com

Көкшетауда жұмысшы биіктен құлап көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Не жағдай болды

Құқық қорғау органдарының мәліметінше 14 шілдеде Көкшетау полиция бөліміне жедел жәрдем фельдшерінен хабарлама келіп түскен: қаладағы кәсіпорындардың бірінде жазатайым оқиға болды.

Полиция қызметкерлері биіктікте сырлау жұмыстарын жүргізіп жатқан 54 жастағы ер адам құлағанын анықтады – оның астындағы баспалдақ сынып кеткен.

«Жұмысшы басынан алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды», - деп түсіндірді полицейлер.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Қайғылы оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, мемлекеттік еңбек инспекторы да тексеру жүргізіп жатыр.

Полиция ескерту жасады

Оқиғаға байланысты Ақмола облысының полиция департаменті жұмыс берушілер мен кәсіпорын басшыларына үндеу жариялады.

«Мұндай трагедияларды еңбекті қорғау нормаларын қатаң сақтау арқылы болдырмауға болады. Жұмысшыларды, әсіресе биіктікте жұмыс атқару үшін жарамды, қауіпсіз және сертификатталған құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіңіз. Қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулықтарды үнемі өткізіп, талаптардың нақты орындалуын бақылаңыз. Құрал-жабдықтардың, қорғаныс құралдарының жай-күйін ауық-ауық тексеріп отырыңыз», - деп атап өтті ведомство.   

Серіктес жаңалықтары